Жұмыспен қамту орталықтары трансформацияланады

5916

Бұл орталық ұлттық компаниялардан жұмыс тауып бергені жөн.

Жұмыспен қамту орталықтары трансформацияланады

Кейінгі кезде азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге тиісті осы орталықтар жиі сынға ілігіп жүр. Қазақстандықтардың көбі бұлардың не бітіріп, немен айналысатынын білмейді. Шынында, бұлардың құзыры мол. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек (АСП) тағайындау рәсімі осы орталықтар арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ "Еңбек" бағдарламасы да сол арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте бюджеттен еңбекпен қамту бағдарламаларына 1 триллион теңге бөлінгені мәлім.

Көзбояу жұмыс орны кімге керек?

Үкімет қаулысына сәйкес, Халықты жұмыспен қамту орталықтары (ХЖҚО) "Еңбек" бағдарламасына қатысушымен және жұмыс берушімен әлеуметтік келісімшарт жасасады. Жұмыс беруші тіркелген жұмыссызды жұмысқа алса, оның жалақысының бір бөлігін мемлекет көтереді.

Жалпы, "Еңбек" бағдарламасы айналасында дау да, жемқорлық та көп. Сонымен бірге жұмыс берушілер өз мойнына алған міндеттемесіне мұрын шүйіре қарайды екен. Биылғы 4 ақпанда жұмыссыз ретінде тіркеле алған Семей тұрғыны Олег Маркелов қалалық ХЖҚО арқылы әлеуметтік жұмысқа орналасады.

"Мен наурыз айынан бастап "Асар" пәтер иелері кооперативіне жұмысқа тұрып, содан бері сантехник қызметін атқарып келемін. Алайда оның басшысы Қуанышбекова ешқандай жалақы төлемейді. Нәтижесінде жұмыспен қамту орталығы ай сайын аударатын 14 875 теңге мемлекеттік төлемді ғана місе тұтуға тура келді. Негізі, бағдарлама бойынша еңбекақының қалған жартысын жұмыс беруші төлеуге тиіс еді. Оның үстіне жұмысқа қабылданғаным туралы еңбек кітапшама жазба жазылмапты, тиісінше, осы уақыт бойы істеген жұмысым өтілге есептелмеген", – дейді Олег.

Мұның мәнісін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тексерді. Нәтижесін министр Серік Шәпкенов ресми блогы арқылы хабарлады. Оның айтуынша, "Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың және қаржыландырудың ережелеріне" сәйкес, ХЖҚО жұмыс берушімен әлеуметтік жұмыс орнын қаржыландыру жөнінде келісімшартқа отырады. Шартқа сәйкес жұмыс беруші жұмыссызбен еңбек келісімшартын бекітеді және жалақысын уақытылы төлейді.

Егер жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындамаса, онда ХЖҚО онымен келісімшартты бұзады. Ал жұмыс беруші мемлекеттің жұмыссызға жалақы төлеуге жұмсаған шығындарын бюджетке өтеуге міндетті.

"ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметі бойынша "Асар" ПИК-і Олегпен 2021 жылғы 1 наурызда жеке еңбек келісімшартын жасасқан. Онда ай сайынғы жалақы мөлшері 42 500 теңге болатыны, оның 14 875 теңгесі (35%-ы) бюджеттен субсидияланатыны және ХЖҚО төлейтіні жазылған. Алайда "Асар" ПИК басқарушысы Қуанышбекованың айтуынша, үй тұрғындарынан негізгі жарналардың түсуіне қарай жұмыскердің жалақысы ішінара төленген. Яғни, жалақы уақытылы және толық төленбеген. Осыған байланысты министрлік ШҚО әкімдігіне "Асармен" келісімшартты бұзу қажеттілігі туралы хат жолдады", – деді ведомство басшысы.

Шенеуніктердің статистикасында Олег бәрібір биыл жұмыспен қамтылғандардың қатарына есептеліп кетті.

Мұндай деректер жетерлік. Мәселен, жұмыссызды жұмысқа алып, ойдан шығарылған әртүрлі сылтаумен бірер күннен кейін шығарып жіберген фактілер бар. Салдарынан, азамат жұмысынан да айырылады, жұмыссыз ретінде қайта тіркеуге тұруы да мұң болады. Кейбір сарапшы осы арқылы шенеуніктер жұмыссыздық көрсеткішін қолдан көркейтіп отыр деген пікір айтады.

Әйтпесе, кәсіпорындар жаппай тоқырап, жабылған пандемия кезеңінде, "соңғы бір жылда ресми жұмыссыздық көрсеткіші шамалы ғана – 4,8%-дан 4,9%-ға дейін өсті" деген Еңбекминінің есебін түсіндіру қиын.

203 орталық бюджетке масыл ма?

Жұмыспен қамту орталықтарының деректері де, тірліктері де шынайы өмірден алыс жатқанын министрліктегілер сезетін болса керек. Ведомство оларды трансформациялау мәселесін қарастыруда.

Меморган байламынша, бүгінде еңбек нарығы керемет жылдамдықпен жəне бұрын-соңды болмаған ауқымда өзгеріске ұшырап жатыр.

"Технологиялық дамыған елдер халықтың қартаюы, технологиялардың жедел дамуы, роботтандыру, жаһандық бəсекелестік, кәсіп түрлерінің өзгеруі, жұмыссыздықтың өсуі жəне əлеуметтік теңсіздік сияқты сын-тегеуріндердің алдында тұр. Бұл жағдайда мемлекеттің жұмыспен қамту орталықтарының өздері де, олардағы қызметтерді ұсыну тəсілдері де өзгеруге тиіс. Қазақстанның ХЖҚО-лары дамудың екінші сатысынан үшіншісіне өтуде", – деп хабарлады Еңбекмині.

Ведомствоның дерегінше, бұл жүйені реформалау талаптары 2017 жылдан бері жасалуда.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы саны 203 жұмыспен қамту орталығы бар. Олар ірі қалалар мен облыс орталықтарында, сондай-ақ қалалық, аудандық деңгейлерде құрылған. Яғни, барлық өңірді қамтыған, кең тармақталған бұл орталықтар халықтың басты бір қажеттілігі – еңбек етіп, лайықты табыс табуға деген сұранысын толыққанды қанағаттандыра алатын қуатты, пәрменді құрылымға айналуға тиіс еді. Алайда олай болмай тұр.

Бұл ретте ХЖҚО-лар жай ғана жұмыс беруші және жұмыс іздеуші арасындағы делдал рөлінен кеткені жөн. Себебі, бұл қызметті электронды еңбек биржалары атқара алады.

"Оның үстіне жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, есепке тұратындар азаматтың көбісі – білімі мен машығы жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие болмағандықтан, өз бетінше жұмыс таба алмай жүргендер. Бұған қоса, зейнеталды жасына жеткен адамдар, мүгедектігі бар жандар, жұмыс тәжірибесі мен өтілі болмағандықтан жұмыс берушілердің қызығушылығын тудыра алмаған жастар мемлекеттің көмегіне зәру", – деп түсіндірді Еңбекмині.  

Даму сатылары нені қарастырады?

ХЖҚО-лардың даму сатылары үшке бөлінеді. І-сатысында орталықтар жұмыс іздеп келушілерге әр жақтан жиналған бос жұмыс орындарын, вакансияларды жай ғана ұсынумен, жәрдемақы төлеумен айналысты.

Қазіргі ІІ сатысында оған "жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын қолдана отырып, жұмысқа орналастыру" міндеттері жүктелген. Соның аясында ХЖҚО-лар біріншіден, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты жандандыруы, екіншіден, барлық жұмыс берушіден, соның ішінде меморгандардан, квазимемсектордан, жеке жұмыс берушілерден деректер жинап, оnline-порталды жүргізуі шарт.

Әзірге бұл міндетін орындап отыр деу қиын: осы орталыққа жүгінгендерге қара күшті қажет ететін қарабайыр, ұсақ-түйек жұмыстар ұсынылады. Ұлттық компаниялардағы, министрліктердегі лауазымдар, менеджердің, маманның бос орындары ұсынылмайды. Салдарынан, мемқызметке, ұлттық компанияға қызметке тұрғысы келетіндерге олардың сайттарын үнемі сүзіп, өз бетінше ізденуіне, немесе тамыр-танысқа, тіпті параға жүгінуіне тура келеді.

Екінші сатыда ХЖҚО-лардан "ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, рәсімдердің тиімділігін арттыру", "жұмыссыздардың біліктілігін арттыру жүйесін жолға қою", "бизнес-офис стандартын енгізу" талап етіледі.

Трансформация аясында дамудың ІІІ-сатысы "әр жұмыс іздеушіге жеке келу тәсілін" ("адресный подход к соискателям") қарастырады. Яғни, орталық маманы біріншіден, алдына келген әрбір жұмыссыздың сұранысына, білімі, білігі мен машығына диагностика жүргізіп, неге қабілет-бейімі барын анықтауға, екіншіден, оны жұмысқа орналастырудың индивидуалды стратегиясын әзірлеуге қабілетті болуға тиіс. Үшіншіден, олар жеке компанияларға кадрларды кәсіби іріктеу қызметін ұсына алатын HR қызметін жүзеге асыруы керек. Сонда бюджетке масыл болмай, өз бетінше табыс табуына жол ашылады.

Төртіншіден, оның қызметіне жасанды интеллект элементтерін енгізу ұсынылып отыр. Бесіншіден, ХЖҚО-лар "бизнес-офис" немесе "әлеуметтік үй" стандарттарына көшкені жөн: осал топтарға, қазақстандықтардың әртүрлі санаттарына әралуан мемлекеттік инстанциялардың әлеуметтік қызметтерін кешенді түрде, бір жерден, "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетуі керек.

Орталықтарды қалай тартымды етуге болады?

Әзірге, әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, қазақстандықтардың 55%-ы жұмысты интернеттен, газеттегі жарнамалардан іздеген екен. 50%-ы сонымен бір мезгілде достарына, таныстарына, туыстарына жүгініп, "жұмыс болса қарастыра жүруін" сұраған. 33%-ы ғана түйіндемелерін кәсіби сайттарда және әлеуметтік желіде орналастырған.

"Адамдар жұмыспен қамту орталықтарына екі себепке байланысты бармайды. Біріншіден, Қазақстанда жұмыссыздық жәрдемақысы жоқ, сондықтан жұмыссыздардың көбісі тіркеуге тұруға қызықпайды. Екіншіден, бізде тек әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмыс берушінің жарнасы есебінен төленетін сақтандыру төлемі ғана бар. Егер ресми жұмыс істейтін азамат жұмысынан шығып қалса, бірер ай оған осы төлем төленеді. Бірақ бұл еңбек нарығының институты емес, сақтандыру институты! Оның үстіне МӘСҚ төлемдерінің шамамен 95%-ы декретке шыққан аналардың жәрдемақыларына жұмсалады. Өзге жұмыссыздарға мардымсыз қаражаты қалады да, сақтандыру төлемі тым аз төленеді. Бұл – мүлдем дұрыс емес", – дейді кезінде еліміздің бас экономисі болған, экономика ғылымдарының кандидаты, "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев.

Оның байламынша, жұмыспен қамту орталықтарын жұмыссыздарға тартымды ету үшін толыққанды жұмыс істейтін еңбек биржасын құру қажет. Тек табысы-еңбекақысы жақсы, әрі салмақты қызмет-лауазымдарды ұсынатын жағдайға жеткенде ғана бұл орталықтар жұмыс іздеген адамдардың кең санатының қызығушылығын тудыра алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу