Жұрт жаңа теңгеден көк туымыздың алып тасталғанына наразы

16419

Ұлттық банктің жауабы таңдандырды. Ұлт жанашырлары мәселе көтеріп жатыр. 

Жұрт жаңа теңгеден көк туымыздың алып тасталғанына наразы Фото: inbusiness.kz

"ЛГБТ үгіті үдеп, жат діни ағымдар жайлаған, ұлттық құндылықтар коррозияға ұшырап, тот басқан, қоғамды қалың күмән-күдік кеулеген, азаматтар ашынған заман туғандай. Осы алмағайып кезеңде Мемлекеттік ту басы бірікпей, таласқа бой ұрып, топ-топқа жарылып, тоз-тоз шығу қаупі төне бастаған қоғамымызды топтастырып тұрған аз құндылықтың бірі еді. Өкінішке қарай, Ұлттық банк оның да тамырына балта шауыпты. Ұлттық валюта – теңгенің 31 жылдық белесінде көңілсіз ой қаумалады. Теңгенің кейінгі шыққан купюраларынан Мемлекеттік ту бейнесінің жаппай алып тасталуы мені қатты алаңдатады. Мемлекеттің әр ісі бір ту астында бас қосып, ұлттық мүддені ұйытуға, ұлық мұраттарға жетелеуге бағытталғаны маңызды. Егер Ұлттық банктің басшылығындағы азаматтар тегін, өзі мен ұрпағының болашағын Қазақ елімен байланыстырса, бойында ұлттық намыс болса, онда бұл теріс райынан қайтып, көк байрағымызды ұлттық валюта банкноталарына қайтарғаны жөн", – деді Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, кез келген дағдарыстан, тар жол, тайғақ кешті тарихи тығырықтардан, соның ішінде тұрмыс пен күнкөріс қиындықтарынан да ең алдымен ұлттық рухқа, қазақы қайсар жігеріміз бен текті құндылықтарымызға табан тіреу ғана алып шыға алады. Бұлардан айрылсақ, қара бастың қамы, жанбағыстың зары ғана қалып, ұлық ұлысымыз мәңгүрт тобырға айналып, бостан ел бөгденің боданы болуы мүмкін.

Қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл Әбіш абыз айтқандай, "еңсеңді елдігіңмен көтеріп, берекеңді бірлігіңмен келтіруді" талап ететін қазіргідей астаң-кестең сұр кезеңде Ұлттық банктің бұл құйтырқы-қиғаш тірлігін түсіну қиын екеніне назар аудартты.

Қоғам белсендісі Марат Тәкенұлы осыған қатысты шағыммен Ұлттық банкке жүгінді. Оның айтуынша, кейінгі бір-екі жылда жаңадан шығып жатқан ұлттық валютаның банкноталарынан көк туымыз жоғалып барады. Бұл әсіресе, 5 000, 10 000 номиналдарындағы купюраларға қатысты. Мысалы, "Сақ стилі" деген қасиетті, қастерлі атау берілген сериямен шыққан жаңа банкноталарда да қазақтың көк байрағы жоқ.

Тіпті әлеуметтік желіде банкноталардың бірінде қазақстандық ұлттық валютада "СССР" деп жазылыпты деген әңгіме тарады. Бірақ Ұлттық банк "Сақ стилі" сериясымен шыққан 5 мың теңгелік банкноталарда "СССР" деген жазудың жоқтығын мәлімдеді.

Жаңа банкноталардан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының алып тасталуына қарсы шыққан ұлт жанашырларының жанайқайына Ұлттық банк жауап берді.

"Қазақстанның Мемлекеттік туының бейнесін қолдану – міндетті болып табылмайды! Бұл ретте купюраның номиналының санмен, әріппен жазылуы, қорғаныш элементтері, шығарушы эмитенттің ресми атауы, ҚР Мемлекеттік гербінің бейнесі ғана – банкноталар мен монеталар дизайнының міндетті элементтері болып табылады. Ұлттық банк банкноталар дизайнын әзірлеу кезінде Қазақстан Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №804 Жарлығымен бекітілген "Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноталары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасы" талаптарын сақтайды. Сондай-ақ банкноталардың айналымға жіберілетін жаңа сериясының тақырыбы мен эстетикасын ұстанады", – деп түсініктеме берді Ұлттық банк.

Мысалы, 5 мың теңге номиналындағы банкноталардың бұған дейін 2001, 2006, 2008 және 2011 жылдары шығарылған жаңа дизайндарында Мемлекеттік ту бейнеленген.

Олардың бәрі бірте-бірте Ұлттық банк 2023 жылғы 25 желтоқсанда айналымға жіберген 5 мың теңгелік жаңа үлгідегі банкнотасымен ауыстырылады.

"2023 жылғы үлгідегі номиналы 5000 теңге болатын банкнота. Өлшемі: 140х70 мм. Басым түсі: қызыл-қызғылт сары. Бет жағының орталық бейнелері: көкте қалықтап ұшқан құс пен "Өмір ағашының" бұтағы (Есік қорғаны, біздің дәуірімізге дейінгі (б.д.д.) 5-4 ғғ., Алтын адамның бас киімінің бір бөлшегі, табиғат пен наным-сенім байланысының қасиетті мағынасы); ДНҚ спиралы және ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы (адамның табиғатпен шексіз уақыт ағымындағы байланысы). Жәдігер – бүркіт бейнесі түріндегі әшекей (Талды қорғаны II, б.д.д. 7-6 ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш-қуат пен ептіліктің символы ретінде)", – делінген Ұлттық банк сипаттамасында.

Сырт жағындағы негізгі бейнелер: біріншіден, ою-өрнекпен безендірілген қалқан аясында Қазақстанда мекендейтін бүркіттің бейнесі. Екіншіден, бірден бірнеше ойды бойына сіңірген дөңгелектеп жасалған қазақша ою-өрнек. Үшіншіден, жәдігер: қанаты кеңге жайылған бүркіттің бейнесі. Төртіншіден, банкнотаның ортасында фон ретінде қазақтың "шексіздік" ою-өрнегінің сұлбасы бейнеленген, оның ішінде Шарын шатқалының пейзаждық көрінісі суреттелген.

Айта кету керек, 2006 жылы Ұлттық банк 5 000 теңге номиналындағы банкноталардан Әбу-Насыр әл-Фарабидің бейнесін алып тастады. Бертінге дейін, тіпті 2001 жылғы 16 желтоқсанда қолданысқа енгізілген банкнотада қазақтың жаһанға мәшһүр ғұламасының бейнесі болды.

"Айналысқа енгізілген күні: 16.12.2001. Өлшемі: 149х74 мм. Бет жағы: басым түсі – қызыл. Негізгі бейнесі – Шығыс ғалымы, қазақ ойшылы, математигі және философы Әл-Фарабидің (870–950) портреті. Жаңа қорғаныш элементтер (түсін өзгертетін бояумен орындалған қалықтаған бүркіт пен күннің бейнесі) қолданылған. Сырт жағы: басым түсі – қою қызыл. Негізгі бейнесі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бөлігі", – деп жазылған еді оның сипаттамасында.

Бұл банкнотаны жәдігер санап, қастерлеп сақтап қойған қазақстандықтар жетерлік.

Мемлекеттік ту ұлттық валютаның тағы бір ірі номиналынан алынған. Мұнда да ұқсас жағдай: 10 000 теңгелік номиналдағы ұлттық валютаның 2003 жылы, 2006 жылы, 2011 жылы, 2012 жылы, 2016 жылы айналымға шығарылған банкноталарының бәрінде көк байрақ бар. 

Ұлттық банк 2023 жылғы 15 қарашада 10 мың теңгенің мерейтойлық банкнотасын жасап шығарды.

"Көлемі: 145х70 мм. Бет жағы: басым түсі – көк-күлгін. Негізгі бейнелері – Қазақстан Елтаңбасы бейнеленген монета және "Мёбиус жолағы", А (Абай облысы), Ж (Жетісу облысы) және Ұ (Ұлытау облысы) бас әріптерімен белгіленген жаңа өңірлері бар Қазақстан Картасы. Сырт жағы: басым түсі – көк-күлгін. Негізгі бейнелері – "Теңге" белгісі бейнеленген монета және "Мобиус лентасы", Еуразиялық континентінің картасында Қазақстанның мемлекеттік шекарасының контуры", – делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.

Оның ізін ала, 2024 жылғы 28 маусымда Ұлттық банк 10 000 теңгедегі жаңа үлгідегі негізгі банкнотаны шығарды. Бұған дейін басылғанның бәрін қолданыстан шеттететін жаңа банкнотада Мемлекеттік ту жоқ.

Қазақстанның он мың теңгелік банкнотасының ендігі негізгі, орталық символы – тау шыңындағы барыс. Ол купюраның қасбетінің қақ ортасында орналасқан. Ал, сырт жағында – "аузында грифондары бар барыс басының бейнесі" ("Патшалар алқабы" атты Берел қорғандары, б.д.д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, мақсатқа жету және күш-жігер нышаны).

Айта кету керек, Ұлттық банк 2011 жылы шығарылған 5 мың теңгелік ескі үлгідегі, көк туы бар банкнотаның айналым мерзімін 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) ұзартты. Ол осы кезеңде 2023 жылғы үлгідегі, өзгертілген дизайндағы, Мемлекеттік тудан арылған, 5 000 теңгелік жаңа банкноталармен қатар айналымда болады.

"Айналымда қатар жүру кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап барлық банк пен Қазпоштада 3 жыл ішінде, ал ҚР ҰБ филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайды. Айналымда қатар жүру кезеңінде жаңа үлгідегі және ескі үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы болып қалатынын, төлемдер мен аударымдар жасала беретінін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстанның бүкіл аумағында олардың атаулы құны сақталатынын және қабылдауға жататынын атап өтеміз. Ол банкноталардың барлығы ҚҰБ филиалдарында, Қазпоштада және еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында еш шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу