Жыл соңына дейін 3 120 пәтерде қоныс той тойлау жоспарлануда

4055

Жыл сайын баспана бағасы  аспандап барады.

Жыл соңына дейін 3 120 пәтерде қоныс той тойлау жоспарлануда

Таразда жеке тұрғын үйлердің бағасы бір шаршы метрі 120 мың теңгені құрайды. Ал көпқабатты үйлер үшін шаршы метрі 160 мың теңгеге дейін өскен. Нарықтағы бірер жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда үлкен алшақтық бар. 

Егер көпқабатты тұрғын үйде 4 бөлмелі пәтер алсаңыз, онда шамамен, 100 шаршы метріне 16 миллион теңге төлейсіз. Жалпы пәтер құны орналасқан аумағы, дамыған инфрақұрылымына қарай қымбаттай түсетіні белгілі.

Жалпы Жамбыл облысында биыл 4 388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, соның 47-сін пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін 3 120 пәтерде қоныс той тойланады деп күтілуде.

 Жыл басынан бері 620 пәтерлі 9 үй пайдалануға берілді. Оның алтауы – Тараз қаласында бой көтерген 420 пәтерлі кредиттік үй. Қалған 60 пәтерлі жалға берілетін баспананың екеуі – Қордайда, 80 пәтерлі біреуі Т.Рысқұлов ауданында  берілмекші.

Статистикаға сүйенсек, облыста тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 35 924 азамат тіркелген. Оның 45 пайызы әлеуметтік тұрғыда осал топтар, 20 пайызға жуығы – көпбалалы отбасылар. Кезекте тұрғандарды арасында 2906 қамқоршы-қорғаушысы жоқ, жетім өскендер, 28 пайызға жуығы бюджеттік мекеме қызметкерлері, қалған 5 азамат үйі апатты жағдайда деп танылғандар.

Ал баспана салу үшін жер телімін алуға кезекке тұрғандар саны – Жамбыл облысында 163 895 адам.

Жер кезегінде тұрғандарға 3997 жер учаскесі дайындалған. Атап айтсақ, 30 алқапта 46 жоба қолға алынған. Оның 43-інің құрылыс жұмыстары былтыр аяқталды.

Алқапта инфрақұрылым тарту үшін құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазір дайын болған жер учаскелерінің саны – 4 мыңға жуық.

Баспана салу үшін жер учаскелерін дайындау үшін биыл  19 алқапта 43 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір инфрақұрылым тартылып, жол салынуда.

Жыл соңына дейін 42 нысанның құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Бір нысан келесі жылға өтпелі. Көздеген межеге жетіп, құрылыс жұмыстары аяқталса, тағы 3198 жер телімі пайдалануға беріледі.

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу