Гренландия аралының тұрғындары Парламенттің құрамын анықтау үшін сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Дауыс беру АҚШ президенті Дональд Трамптың "аралды бақылауға алу" туралы мәлімдемесі аясында өтті.
Гренландия астанасы Нуукте сайлауды өткізуге арналған жалғыз сайлау орталығы құрылды. Осылайша әлемдегі ең ірі аралда сайлау өткізілді. Оның нәтижесі бойынша 31 орындық "Inatsisartut" Парламенті құрылмақ.
Дауыс беру таңғы сағат 09.00-де басталып, жергілікті уақыт бойынша 20:00-де аяқталды.
Аралдың 57 мыңнан астам халқының 40 500-ге жуығы дауыс беруге құқылы.
Негізгі күрес қазіргі премьер-министр Муте Эгеде бастаған "Inuit Ataqatigiit" партиясы мен Эрик Йенсеннің басшылығындағы "Siumut" партиясы арасында жүріп жатыр.
Соңғы сауалнама нәтижесі бойынша "Inuit Ataqatigiit" 31 пайыз дауыспен көш бастап тұр. "Siumut" партиясы екінші орында (21,9 пайыз).