Енді киіктің мүйізін, аюдың терісін көрсетіп мақтанғандар да жазаланады

1916

Табиғат қорғаушы ведомство тосын заң жобасын әзірледі.

Енді киіктің мүйізін, аюдың терісін көрсетіп мақтанғандар да жазаланады Фото: deepai | inbusiness

Қазақстанда киік, бұғының мүйізін, піл, сусиырдың азуын, құрып бара жатқан аңдардың тұлыбын әлеуметтік желі не YouTube арқылы паш етіп, мақтануға тыйым салынуы мүмкін. Өйткені бұл "Қызыл кітаптағы" жануарларды өлтіруді жарнамалап, насихаттау деп танылмақ.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын дайындады. Онда біраз шектеу қарастырылған.

"Құжат жабайы табиғат объектілері мен олардың туындыларын заңсыз пайдалануға жол бермейді, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ол биологиялық алуантүрлілікті қорғауға, жабайы табиғат пен өсімдік түрлерінің популяциясын сақтауға және олардың сарқылуына не мүлдем жойылуына әкелуі мүмкін әрекеттерді шектеуге бағытталған. Сонымен қатар, осы әрекеттерді көпшілік алдында көрсетуге, жарнамалауға тосқауыл қойып, ол үшін айыппұл санкцияларын қолдану – заңсыз айналымға ықпал ететін ақпараттың таралуына жол бермейді", – деп түсіндірді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сарапшылары.

Мысалы, елордада, Алматыда және басқасында ақ, қара, қоңыр аюдың азуы ақсиған басы бар табиғи терісі 8 миллион теңге және одан қымбатқа саудаланады. Оның жапсырмасында жыртқыштың қай елде ауланғаны айтылмаған.

Қымбат бағасына, түсіретін пайдасына қызыққан браконьерлер "Қызыл кітапқа" кірген осы және басқа жануарларды қыруға құнығады.  

Ал, қымбат аң терілерін сатып алып, одан жасалған бұйымдарды үстіне киетін немесе үйінің, кеңсесінің еденіне тастайтын, төріне ілетін блогерлер, танымал тұлғалар және басқасы осы көлеңкелі-қанды индустрияның өркендеуіне дем береді.

"Қазақстанда сұңқарлар, тасбақалар, маймылдар, жолбарыстар, аюлар, арыстандар мен басқа жабайы мысықтар, тоты құстар және сол сияқты жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің заңсыз айналымы айтарлықтай артты. Соңғы кездері айрықша алаңдаушылық туғызатын тренд туындады: аталған жануарлар түрлерінің заңсыз саудасын ілгерілету үшін жарнамаларды, соның ішінде интернет-ресурстарды пайдалану белең алуда", – делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің түсініктемесінде.

Ведомство мысал ретінде әлеуметтік желіде "ақбөкеннің мүйіздерін сатып алу" туралы жарнамалардың кең таралуын келтірді. Сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Киік мүйізін жақсы бағаға іздеу қаржыдан қысылған жанды киелі жануарды өлтіруге итермелері даусыз.

Комитет сарапшылары мұны табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың айқын көрінісі деп бағалады. Алайда қолданыстағы заңнама мұндай жарнама үшін салмақты жазаны қарастырмайды.

Жануарлар дүниесі комитеті қылмыстың осы түрімен күресу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет деп отыр. Соның ішінде әлгіндей хабарландыруларды орналастыратын заңды және жеке тұлғалар үшін жаңа заң жобасы аясында қатаң жауапкершілік белгілеу ұсынылады.

"Бұл заңсыз айналыммен тікелей айналысатын тұлғаларды жазалаумен ғана шектелмей, сондай-ақ оларға көмектесетін және заңсыз нарықтың дамуына ықпал ететін жарнамалық қызметтің жолын кесудің құқықтық тетігін жасауға мүмкіндік береді. Мұндай шараларды енгізу биоәралуандылықты қорғауға және елдің табиғатты қорғау саясатын күшейтуге септеседі", – деп мәлім етті комитет.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндіруінше, егер Парламент қабылдаса, бұл заң жануарлар дүниесін пайдалануды жүзеге асыратын барлық субъектілерге, соның ішінде сирек жануарлардың табиғи мекендеу ортасына жақын, шекаралас орналасқан ауылдардың жұртшылығына да қатысты болады.

Ведомство табысының төмен болуы салдарынан браконьерлікке жергілікті тұрғындардың бір бөлігі де қатысатынын жасырмады. Олар "көбінесе мұндай қылмыстарға қаржылық пайда үшін" барады.

Бұған қоса, заңның күші жануарларды тасымалдауға, саудалауға тартылған адамдарға, сирек кездесетін жануарлар мен олардың бөліктерін (дериваттарын) жинаушыларға, жануарлардан немесе олардың бөліктерінен кәдесыйлар немесе дәрі-дәрмектер жасаумен айналысатындарға таралады.

Жаңа заң жобасы сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз сатып алу, өткізу, тасымалдау, алып келу, алып кету, сақтау мен ұстауға қатысты (389-бапқа толықтырулар), сонымен қатар таңбалау тәртібін бұза отырып таңбаланған киік мүйіздерін, дериваттарын сақтауға, сатуға (жаңа 398-1-бап) қатысты жаңа әкімшілік жауапкершілікті енгізуді қарастырады.

Дәл осы кезде бір топ депутат киіктерді керісінше, жаппай атуға рұқсат сұрап, Үкіметке жүгінді. Дәйектемесі – ескі: аш ақбөкендер егістікке түседі, малға арналған шөпті жеп кетеді.

"Тірлігі төрт түлікке қараған ағайынның алдағы жылдары тігерге тұяғы қалмай ма деген қауіп бар. Мәселе жалпы, себеп жалқы, ол – ақбөкеннің саны. БҚО-ның 7 ауданы – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек аудандары киіктің тұрағына айналды. БҚО ең көп дегенде 500 мың киікті сыйдыра алады. 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қосқанда 2,3 миллионнан асқан. Ақбөкеннің санын реттеуде жауапты органдар мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Биыл нақты шешім қабылдау қажет: ақбөкен мен адамды жайылымға таластырып тастап кетудің салдары ауыр болады", – деп қорқытты мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, жағдайдың ушыққаны сонша, тірлігі малға қараған ел жайылымды киік жайпап кеткесін малдарын жаппай сатып, ауылдарын тастап көшуге айналыпты.

Сәрсенғалиевтің сендіруінше, 2023 жылы БҚО-дағы 921,7 мың гектар жерді киік таптап тастады, оның ішінде егістік алқап, шабындық пен жайылым жер бар.

Салдарынан 2024 жылы БҚО-ның 4 ауданында – Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Казталов аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Халықтың алдындағы малы қырылып қалмасын деп облыстық бюджетке қол салуға тура келіпті.

Депутат киікті қорғау үшін бюджетті шығындауды құптамады.

"Былтыр жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4,2 млрд теңге бөлінді. Бұл бір реттік шара. Биыл ақбөкеннің саны артып, былтыр тұяққа тапталған жердің тақырға айналатынын ескерсек шаруалардың шаруасы шатқаяқтап қалмау үшін аталған қаржыны екі еселеуге тура келеді. Бірақ оны облыстың бюджеті көтере алмайтыны анық", – деді мәжілісмен Сәрсенғалиев.

Бірақ киіктердің онсыз да өз бетімен қырылып жатқанын депутат мойындады. Қасиеті жануарлардың өлім-жітімі жыл сайын көбейіп барады: 2022 жылы – 390 өлексесі (аталығы – 191, аналығы – 64, лағы – 135) табылса, 2023 жылы бұл сан – 1 336-ға (аталығы – 663, аналығы – 341, құралайы – 332) дейін көбейді.

Ал, 2024 жылдың басында ғана қырылған киік саны – 5 598-ге жетті (аталығы – 1 146, аналығы – 4 452). Бұл ретте аналығының жантәсілім етуі популяцияның еселеп азаюына серпін береді.

Бұдан бөлек, ветеринариялық қауіпсіздік тұрғысында 2010-2011 жылдардағы апат – пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупін мамандар жоққа шығармайды.

Оның үстіне кен орнын, жер қойнауын игерушілер, егіншілер, полигондар үшін тартып алынғандықтан жайылымы қалмаған киіктер үй жануарларымен бірге жайылуы кесірінен олардан листериоз, аусыл, бруцеллез сияқты ауруларды жұқтырады екен.

Енді осыған депутаттардың киіктерді шетінен атуға рұқсат алуы қосылса, киіктерден болашақта музейлердегі тұлып-чучелосы ғана қалуы ғажап емес.

2023 жылы Үкімет "киік санын реттеуді" қолға алған еді, алайда қоғамның және халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының қуатты қарсылығы нәтижесінде бұл қарекетін сап тыйды. Енді не болатыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу