Аталған басылым кәрі құрлықта 100 м² үйге иелік ету үшін педагогтерге неше ай, неше жыл жұмыс істеуі керегін есептеп көрген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сараптау, талдау жұмыстары жалпы орта білім беретін мектептердегі мұғалімдердің заңмен белгіленген еңбекақысына негізделген. Әрі бұл ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесін көрсетпейді.
Мысалы, Британиядағы тұрғын үй мәселесі адамдардың мұғалім мамандығын таңдауына тікелей байланысты деуге болады. Ондағы халықтың 57 пайызы "оқытушы жалақысына үй сатып алу мүмкін емес" деген пікірде.
Еуропаның 24 елінің арасында үй алғысы келетін педагогтер үшін Ирландия ең тәуір таңдау екен.
Аталған елде 100 шаршы метр мүлік орта білім беретін ұстаздар жалақысының 106 есесіне тең болған. Кейбір елде мұғалім 10 жылдық жалақысын үнемдеп үй сатып алу мүмкіндігіне ие. Дәл осы уақыт Испанияда – 112, Нидерландыда – 114, Бельгияда – 120, Люксембургте – 145, Германияда – 157, Португалияда – 162, Англияда – 175 ай. Демек, мұны мұғалімнің 15-20 жылдық жалақысы деуге болады.
Жоғарыда мысалға келтірген мүлікке жету үшін итальяндық ұстаз 191 ай жұмыс істеуі керек. Одан кейінгі орынға Норвегия (192) және Австрия (203 ай) жайғасқан. Франциялық педагог үшін 230 ай уақыт қажет. Зерттеу деректеріне сүйенсек, үй сатып алуда ең көп қиындық (35 жыл, яғни 443 ай еңбек) венгриялық мұғалімге түседі екен. Тиісінше, Словакия (398 ай) мен Чехиядағы (383 ай) жағдай да көңіл көншітпейді.
Шынын айту керек, көптеген еуропалық елде мұғалімдердің жалақысы инфляцияға байланысты өмір сүру сапасына сәйкес келмей отыр. 2015-2023 жылдар аралығында 22 елдің 10-ында орта мектеп мұғалімдерінің нақты жалақысы төмендеген.