Мұнай секторынан ұлттық қорға 2,5 трлн теңге түсті

22063

Ұлттық қорға құйылып жатқан қаржының 99%-ын мұнай өндіруші компаниялар аударады. 

Мұнай секторынан ұлттық қорға 2,5 трлн теңге түсті

Жыл басынан бері ұлттық қордың кірісі 66,9%-ға ұлғайды.

Соңғы 9 айда ұлттық қорға 2 136,5 млрд теңге түсті. Бұған мұнай өндірісі мен экспортының артуы және мұнай бағасының өсуі себеп болды.

Осыған дейін өткен III тоқсанның қорытындысында мұнай секторынан ұлттық қорға 2,5 трлн теңге аударылды. Салыстыру үшін айтайық, былтыр еліміздегі мұнай өндіру компаниялары бюжетке биылғыдан 1,5 есе аз салық төлеген.

"2018 жылдың бірінші қаңтары мен отызыншы қыркүйегі аралығында Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалынан 44,9 млн тонна мұнай тиелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға көп көрсеткіш. Қазір әлемдік мұнай бағасы соңғы 4 жылдағы шекті көрсеткішке жетіп, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 86 АҚШ долларына пара-пар болып отыр. Бұл Қазақстанның ұлттық экономикасы үшін тиімді баға", – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Өткен айда ұлттық қордағы қаражат 22,9 трл теңгені құрады. Ал былтыр дәл осы уақытта ұлттық қорда 21,6 трлн теңге жатты. Жалпы алғанда соңғы 5 жылда ұлттық қордағы ақша жыл сайын көбейіп жатқан көрінеді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы: "Биылғы жылдың 9 айында ұлттық қордың кірісі 66,9%-ға ұлғайды. Жалпы есепте ұлттық қорға түскен салықтық түсімнің жиынтық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 749,2 млрд теңгеге артық болды. Ұлттық қорға құйылған қаржының негізгі бөлігін мұнай өндіретін компаниялар аударды", – деп хабарлады.

Ұлттық қордың инвестициялық табысы 408,3 млрд теңгені құраған екен. Бұған қатысты Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы: "Мемлекет меншігін жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың меншігіне берудің нәтижесінде ұлттық қорға 10,6 млрд кіріс кірді", – деген ақпарат таратты.

Қауымдастықтың мәліметінше, ұлттық қорға құйылып жатқан қаржының 99%-ын мұнай өндіруші компаниялар аударады.  

"Ұлттық қор шикізатқа тәуелді болып отыр. Себебі оған түсетін салықтық түсім әлемдік мұнай бағасына қарай құбылады. Ал ұлттық қорға құйылып жатқан қаржының 99%-ын мұнай өндіруші компаниялар аударады", – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Ұлттық қор шығыс көлемін 33,3%-ға қысқартыпты.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, қаңтар-қыркүйек аралығында пайдаланылған қаражат 2,53 трлн теңге болған. Өткен жылы дәл осы уақытта 3,8 трлн теңге жұмсалған. Пайдаланылған қаражаттың 99,4%-ы немесе 2,51 трлн теңгесі кепілдендірілген трансфертке бағытталған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу