Өзбек ағайындар әлемде ешкімде жоқ жаңа дәстүрді бастады

24192

Туысқан елде енді әрбір ай "отбасылық саяхаттарға" арналады. 

Өзбек ағайындар әлемде ешкімде жоқ жаңа дәстүрді бастады

Орталық Азия елдері ішінде дәл Өзбекстанда ішкі туризм қатты дамыған. Өзбектер әр тасына тарих тұнған Отанының өлкесін аралауды сүйеді. Сондықтан шетелге көп шыға бермейді.

Мысалы, жалпы саны 38 миллионға жетіп қалған Өзбекстан тұрғындарының былтыр 4,5 миллионнан астамы шетелге қыдырыпты. Қалғаны өз өңірлерін аралаған.

Ішкі туризмнің қарқынды өскеніне қарамастан, көптеген отбасылардың әлі күнге Самарқанда, Бұқарада және басқа да тарихи қалаларда болып көрмегені анықталды. Бұл туралы ел Президенті Шавкат Мирзиёев өткізген кеңесте айтылды.

Сондықтан Мемлекет басшысы әрбір айдың 1 сенбісі мен жексенбісін (уикенд) "Отбасымен және еңбек ұжымымен саяхаттау күні" деп жариялау туралы шешім қабылданды. Сарапшылар мұндай игі дәстүр әлемнің бірде бір елінде жоқтығын айтып отыр.

Осы арқылы ішкі туризмге тың серпін беріледі. Мұнда еңбеккерлерге ауыртпалық түсірмеу және ұжымдық саяхаттаудың шығынын көтеруі үшін бизнес қауымдастықпен келіссөз жүргізіледі.

Жалпы, ішкі туризмді дамытуды іргедегі Қытай мен Өзбекстаннан үйренгеніміз жөн. Сарапшылар осылай дейді. McKinsey зерттеулері көрсеткендей, ҚХР – дүниежүзінде ішкі саяхаттар бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр (америкалықтардың басым бөлігі әлемді аралауды ұнатпайды, өмір бойы тек өз штаттарында демалады).

Бір ғана 2024 жылы қытайлар 6 миллиардтан астам ұйымдастырылған топтық ішкі сапарларға қатысыпты. Оның барысында Қытай ішінде 0,7 триллион доллардай (немесе 367 триллион теңгедей) қаржы жұмсады.

Ал, оңтүстік көршімізге келсек, егер Өзбекстанда 2017 жылы ел ішінде шамамен 5 миллион адам ғана саяхаттаса, 2024 жыл қорытындысында ішкі туристер саны 23 миллионға жетті. Бес есеге жуық өсіпті.

"Отбасымен және еңбек ұжымымен саяхаттау күні" жаңа дәстүрі бұл санды бірнеше есе көбейтуге қауқарлы. Өйткені бұл ерекше мейрам бір жылда 12 рет тойланады!

"Көрсеткіштердің таңдай қақтырғанына қарамастан, көптеген отбасылар әлі күнге бірде бір рет Самарқан, Бұқара, Хиуа, Шахрисабз сияқты басты туристік бағыттарда да болып көрмепті. Осыған байланысты әрбір айдың нақты бір сенбі-жексенбісін қатарынан "Отбасымен және ұжыммен саяхаттау күні" деп жариялау туралы шешім қабылданды", – деп жазды Gazeta.uz.

Оның аясында өзбектердің отбасымен немесе өз ұжымымен бірге ел ішін аралауы ынталандырылады

Бұған қоса, жастар үшін ынталандырудың жеке жүйесі енгізіледі. Ол бойынша түрлі жарыстардың жеңімпаздары "Өзбекстан бойынша саяхаттау" аталатын жаңа жолдамамен марапатталады. Ол топтама аясында жеңімпаздың жұбымен не отбасымен елдің көрнекті орындарына сапары ішінара қаржыландырылады.

Оңтүстік көршіде сондай-ақ "Өзбекстанда саяхатта!" атты ел ішінде саяхаттайтын азаматтарға арналған бөлек бағдарлама 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап іске қосылған болатын. Оған сәйкес, Өзбекстан бойынша қыдырып, көрнекті орындарды аралайтын өзбекстандықтарға шығындарының бір бөлігі кэшбэк түрінде қайтарылады.

Бұдан бөлек, ішкі туризмді ілгерілету үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 20 миллиард сум бөлінетін болды.

Сондай-ақ осы жобаларға жұмылдырылып жатқан бейінді ведомстволарға елде "экстремалды туризмді" дамыту бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

Өйткені ол үшін қажетті шөл дала да, қалың орман да, асқар тау да (Тянь-Шань, Памир, Гиссаро-Алай немесе өзбекше Hisor-Olay таулары) Өзбекстанда бар. Айдыны теңізге бергісіз, арыны қатты Сырдария мен Әмудария да осы елде орналасқан.

Дегенмен, байырғы тарихи-мәдени мұраға толы туристік бағыттар ғана емес, елдің іскерлік астанасы да туризмнен шетқақпай қалмай, шаш-етектен пайда көріп отыр.

Upl.uz хабарлауынша, 2024 жылы бір ғана Ташкенттің өзі 4 миллионнан астам шетелдік туристі тартып, 1,5 миллиард доллар (шамамен 790 миллиард теңгедей) табыс тапты.

"Өткен жылы Өзбекстанның астанасы туристік қызметтерін шетелге экспорттау нәтижесінде ғаламат табысқа – 1,5 миллиард доллар көлемінде табысқа кенелді. Бұл деректі Туризм комитеті ұсынды. 2024 жыл бойы Ташкент шетелдіктер үшін де, жергілікті туристер үшін де өте танымал бағыттың біріне айналды. Қала былтыр 4 миллионнан астам шетелдік қонақты күтіп алды. Бұдан бөлек, 7,2 миллион өзбекстандық Ташкентке турист ретінде қыдырып келген", – деп мәлім етті портал.

Туристердің ең қарқынды ағыны жылдың сәуір–маусым айларында тіркелді. Бұл маусымда өзбек астанасында зиярат ету, білім туризмі және MICE-туризм сияқты туризм бағыттары белсенді дамиды.

MICE-туризм (Meetings, Incentives, Conferences, Exhibitions) іскерлік кездесулерді, ынталандыру сапарларын, конференцияларды, көрмелерді және басқа да корпоративтік іс-шараларды қамтиды.

Ташкентке бағытталған туристердің легінің күрт артуына бірнеше фактор түрткі. Біріншіден, іскерлік мекемелер, тіпті жаһандық атақты брендтер мен алпауыт компаниялардың біздің өңіріміздегі ресми филиалдары, ойын-сауық сауда орталықтары, сән-салтанатты қонақ үйлер мен мейрамханалар және басқасы негізінен өзбек астанасында шоғырланған.

Қала туристік инфрақұрылымды белсенді өрістетуде: жыл сайын жаңа қонақүйлер, мейрамханалар мен көңіл көтеру орындары қаптап ашылады.

Екіншіден, Ташкент тарихи экскурсиялардан бастап, гастрономиялық турларға дейінгі алуантүрлі туристік өнімдерді ұсынады. Мысалы, Өзбекстанға, Ташкентке саяхаттаған қазақстандықтар дәмхана түгіл, мейрамханаларының өзінде арзан бағаға тыңқия тойып ет жеуге болатынын тамсана жазып жүр.

Үшіншіден, Өзбекстан бүкіл әлемде шетелдік туристерді тарту бойынша кең ауқымды маркетингтік науқан жүргізіп келеді.

Бұдан бөлек, өзбек елі қолжетімді әрі сапалы медициналық туризмді екпінді түрде дамытуда. Бұл елдің озық клиникаларынан тіпті барлық дамыған елдердің азаматтарын ұшырастыруға болады екен. Өйткені озық елдерде медицина да үздік болғанымен, бағасы удай.

Өзбекстанда соның бәрін әлдеқайда арзан бағаға табады. Осы орайда Inbusiness.kz кейінгі жылдары сырқаттанып, ем іздеген қазақстандықтардың Өзбекстанға ағылуы жиілегенін жазған болатын.

Upl порталы таяу жылдары Ташкент бүкіл Орталық Азиядағы №1 туристік бағыт ретіндегі позициясын нығайтуды жалғастыратынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу