Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 23 сәуір – Ұлттық кітап күнімен құттықтады.
Бұл туралы Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай желіде жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, биылдан бастап 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Атаулы күнге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтады", – деді ол.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Ұлттық кітап күні – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн екенін атап өтті.
"Биыл алғаш рет аталып жатқан Ұлттық кітап күні құтты болсын! Бұл – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады", – делінген құттықтауда.