Сарапшылар күздегі теңге бағамына қатысты болжамдарын айтты

23899

Сарапшылардың теңге бағамына қатысты пікірі екіге жарылды.

Сарапшылар күздегі теңге бағамына қатысты болжамдарын айтты

Бірі көтеріледі десе, енді бірі құлдырайды дейді. Inbusiness.kz олардан күзде теңге бағамы қалай өзгеретінін және оған қандай факторлар әсер ететінін сұрап білді.

DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев: "Біздің болжам бойынша, күзде бір доллар 370-385 теңге, бір еуро 420-435 теңге аралығында, ал бір рубль 5,8-6,1 теңге болу мүмкін",– деді. Оның айтуынша, теңге бағамына мұнай бағасы, рубль бағамы мен елдің төлем балансының жағдайы әсер етеді.

"Айтарлықтай ауытқулар болмайды деп ойлаймыз, теңгенің долларға, еуроға және рубльге қатысты нығаю мүмкіндігі бар. Күзде валютаға деген жазғы сұраныс төмендейді, сонымен бірге Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,25-0,50% -ға арттырады деп күтеміз.Бұл теңгенің нығаюына зор септігін тигізеді.  Жыл басынан бері Ұлттық банк теңгенің бағасын әдейі арзан етіп ұстап тұрды деп ойлаймыз. Реттеуші өз резервтерін толықтырды. Теңгенің нығаюы жаздың соңына қарай  инфляцияның төмендеуіне де септігін тигізеді", – дейді сарапшы.

Wall Street Invest Partners компаниясының сарапшысы Ербол Ерназаровтың айтуынша,  Қазақстанда тамыз және қыркүйек айларында теңгенің басқа валюталарға қатысты құнсыздануы байқалады. Бұл маусымдық фактор деп аталады.Оның пікірінше, теңге бағамы мына себептерге байланысты төмендеуі мүмкін:

1)Федералдық қор жүйесінің 31 шілдеде пайыздық мөлшерлемені 0,25 базистік пунктке төмендетуі дамушы елдердегі инвестиция көлемінің азаюына әкеліп соғады. Яғни Қазақстан валютасы да құлдырауы ықтимал.

2)         АҚШ-тың монетарлық саясатындағы өзгерістер рубльге де әсер етеді, бірақ өз кезегінде Ресей банкі пайыздық мөлшерлемені қазірдің өзінде 0,25%-ға түсіріп, 7,25% -ға дейін жеткізді. Ресейлік реттеушінің бұл әрекеті болашақта рубль құнын төмендетеді, сәйкесінше бұл теңгеге де әсер етеді.

3)         Мұнай нарығы бүгінде тұрақты болып көрінеді, бірақ егер G20 саммитінде қол жеткізілген АҚШ пен Қытай президенттерінің келісімдері орындалмаса, онда мұнай бағасы тағы да төмендей бастауы мүмкін.

Бұдан бөлек басқа да қауіптер бар. Олардың арасында америкалық тақтатас компанияларының жандануы, Таяу Шығыс елдерінің АҚШ-тың мұнай сатуға тыйым салған санкцияларына қарамастан "қара алтын" сатуы және әлемдік экономикалық өсімнің бәсеңдеуі сияқты факторлар бар. Яғни мұнай да арзандауы мүмкін, демек ұлттық валютаға бұл жайт кері әсерін тигізеді.

"Жоғарыда аталған себептерге байланысты қыркүйек айында бір доллар 400-420 теңге аралығында сатылады деп ойлаймын", – деді Ербол Ерназаров.

Ал ресейлік сарапшылардың күздегі бағамға қатысты пікірі басқа. "Соңғы бірнеше айда әлемдік Орталық банктердің ақша-несие саясатын жеңілдетуі дамушы нарықтардың борыштық және үлестік алаңдарына шетелдік капиталдың құйылуына әкелді, бұл осы сегменттегі валюталардың нығаюына ықпал етті",– дейді Finam Group сарапшысы Сергей Дроздов.

Оның пікірінше, алдағы уақытты бір доллар 380-387 теңге, рубль 5,90-6,15 теңге, ал бір еуро 428-432 теңге аралығында саудалуы мүмкін.

Forex Club сарапшысы Айдар Қалиасқардың пікірінше, күзде рубльге қатысты теңге бағамы өзгермейді, яғни бір рубль 6,10 теңге болады.Доллар 420 теңге көлемінде саудаланады.

"Тамыз айында еуроның долларға шаққандағы өсіміне байланысты бір еуро 492 теңге болуы ықтимал.Қытай юанінің долларға қатысты бағамы өсіп, 63 теңгені құрайды",– дейді Айдар Қалиасқар. Оның пікірінше, теңгеге бұрынғыдай сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу