1-таймда алматылық команда жақсы ойнады. Гол салатын тамаша мүмкіндіктері болды. Заруцкий қақпада, қорғаныста 4 адам, шабуылда 2 бразил. Зариа айып добынан аямай тепті. Жоао сол аяқпен сылқ дегізді. "Борац" 1-таймнан зорға құтылды. Айтпақшы бұл Босния командасы Конференц лигасының плэй-оффына шыққан. Құрамында Граховац пен Деспотович бар.
Екінші таймда академияның жастары шықты. Рамазан Бағдат пен Әбілхайыр Әбдірахман деген жігіттер бар білгенін көрсетті. Рафаэль Оразбахтин ойынға Дастан Сәтпаевті шығарды. Жас шабуылшының дәл қазіргі бар ойы "Челсиде" секілді. Аса қатты жарқылдай алмады. Дегенмен, 16дан енді асқан бозбаладан үлкендердің ойынында көп нәрсе күту де әлі ерте.
Түркияда матчтарды төрелік ететін кісілердің біліктілігі күмән тудырады. 87-минутта "Қайрат" қақпасына пенальти белгіленді. Оны Темір Анарбеков күтіп алды. Матч 0:0 тең аяқталды. Төреші ақтық ысқырық шалғанда екі тарап ырду-дырду жаға жыртыса кетті. Арты кішігірім төбелеске ұласты. "Борац" ойыншысының мұрны қанап, Широбоковқа жан-жақтан қаумалай түсті. Деспотовичтер араласып жатып, жағдай ымырамен шешілді.
"Қайрат" маусымға қатты дайын болмаса да, түбі дамитынын көрсетті. Қазақстан Суперкубогы матчында фаворит саналатын сияқты. Клуб басшысы Асқар Есімов Дастан Сәтпаевтің трансфері жайлы тың деректермен бөлісті. Жуырда сұқбат беремін деп уәде берді.