Трамп Газаны өз бақылауына алып, палестиналықтарды басқа жерге көшіруді ұсынды

364

АҚШ Президенті жүздеген мың адамды Газа секторынан көшіріп, ол жерді туристік бағыт ретінде дамытуды көздеп отыр.

Трамп Газаны өз бақылауына алып, палестиналықтарды басқа жерге көшіруді ұсынды Фото: vezdenashi.ru

Палестиналықтар мұны халықты өз Отанынан қуу деп санайды.

Израиль мен ХАМАС арасында 15 айға созылған соғыстан кейін Газадағы бүлінген ғимараттар жөндеуді қажет етеді.

Трамп Иордания, Мысыр мен басқа да араб мемлекеттерін Газа тұрғындарын қабылдауға тағы да шақырып, палестиналықтардың сектордан кетуден басқа амалы жоқ екенін айтты.

Арабтардың ойынша, Трамп осы сөзімен палестиналықтардың жеке мемлекет құру жолындағы ондаған жылдар бойғы күресіне нүкте қойғысы келетінін білдірді. 

Араб елдері, соның ішінде Мысыр мен Иордания (АҚШ-тың Израильмен бейбітшілік орнатқан жақын одақтастары) Трамп жоспарын айыптап, Трамптың палестиналық босқындарды көбірек қабылдау туралы ұсынысынан түбегейлі бас тартты.

Сауд Арабиясы да палестиналықтарды жаппай көшіру идеясына наразылық білдіріп, Палестина мемлекеті құрылмаса, Израильмен дипломатиялық байланыс орнатпайтыны туралы мәлімдеме жасады.

Айта кетсек, АҚШ Израиль мен Саудияны талай жылдан бері қатынас орнатуға көндіре алмай келеді.

Палестиналықтар кеткісі келмейді

Палестиналықтар Газаны Отанының ажырамас бөлігі санайды және олар 1967 жылы Таяу Шығыс соғысында Израиль басып алған Газада, Батыс жағалауда, шығыс Иерусалимде тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылып келеді.

Газа тұрғындарының көпшілігі 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылуы салдарынан басталған соғыс кезінде қашқан жүздеген мың палестиналықтың немесе қазіргі Израиль аумағынан қуылған босқындардың ұрпақтары. Оларға қайтып оралуға рұқсат етілмеді. Өйткені палестиналықтардың саны жаңа мемлекеттегі еврей халқының санынан асып кетер еді.

Палестинаның БҰҰ-дағы елшісі Рияд Мансурдың сөзінше, егер Трамп палестиналықтарды "бақытты, жақсы жерге" жібергісі келсе, олардың Израильдегі ата-бабаларының жеріне оралуына мүмкіндік жасауы керек.

Өткен аптада жүздеген мың палестиналық Газа секторының солтүстігіндегі жермен-жексен болған үйлеріне оралды. Осының өзі олардың отансүйгіштігі мен туған жерге деген асқан ұмтылысын көрсетіп отыр.

Трамптың палестиналықтарды жерден айыру туралы мәлімдемесін Хамас та, Батыс қолдайтын Палестина билігі де қатаң түрде айыптады.

Араб елдері палестиналық босқындарды қабылдамайды

Осыдан ондаған жылдар бұрын Израильмен бітімге келген Мысыр мен Иордания палестиналықтарды өз шекараларына көшіру туралы ұсыныстарды бірнеше рет қабылдамады.

Сонымен қатар, олар Израиль ешқашан палестиналықтардың қайтып оралуына жол бермейді деп қорқады. Мысыр мен Иордания палестиналықтардың жаппай көшуі аймақты қайтадан тұрақсыздандырады деп есептейді. Оның үстіне, бұл екі елдің экономикасы босқын қабылдайтын жағдайда емес.

Трамп Парсы шығанағының ауқатты елдері палестиналықтарды қоныстандыруға ақша төлей алады деп біледі. Бірақ мұның да жүзеге асуы екіталай.

Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Қатар Мысыр мен Иорданияға қосылып, Трамптың ұсынысынан бірден бас тартты.

Сауд Арабиясының мәлімдемесінде тақ мұрагері, ханзада Мұхаммед бин Салман қыркүйекте айтқан сөздерін қайталап, Саудияның Палестина мемлекеті құрылмайынша, Израильмен қарым-қатынастарын қалыпқа келтірмейтінін ескертті.

Трамптағы рычаг Таяу Шығыс лидерлерінде де бар

Трамп одақтастар мен қарсыластарына қысым жасау үшін тарифтерді, санкцияларды және көмек тоқтатуды қолдануды ұнатады. Сондықтан ол америкалық жәрдемге ұзақ уақыт арқа сүйеген Мысыр мен Иордания сияқты елдерге экономикалық қысым көрсетуі мүмкін.

Бірақ бұл елдер өздерінің ұлттық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретін нәрсеге қарсылық көрсететін тетіктен кенде емес. Ал Мысыр мен Иорданияға кезінде талай рет жәрдемдескен бай Парсы шығанағы монархиялары осы жолы да кез келген экономикалық соққыны жеңілдете алады.

Бұған қоса, Мысыр Газа секторымен шектесетін Синай түбегіне палестиналықтарды депортациялау Каирдің Израильмен бітімгершілік келісіміне нұқсан келтіретінін ескертіп отыр.

Израильдіктер Трамп жоспарын құптады, бірақ кепілдіктегілер – бірінші орында

Палестиналықтарды жаппай көшіру идеясын Израиль қарастыруға тұрарлық деп мәлімдеді.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға үлкен бәсекелес Бенни Ганц Трамптың ұсынысын "шығармашылық, ерекше және қызықты" деп қабылдап, оны "барлық кепілге алынғандарды қайтаруға басымдық бере отырып, зерттеуге" шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу